АБАЙ СЫЙЫ – 2025: ТАЛАНТТАР ТРИУМФЫ

АБАЙ СЫЙЫ – 2025: ТАЛАНТТАР ТРИУМФЫ
Астана қаласы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының «Абай сыйы – 2025» салтанатты кеші – Абай мектебінің жыл сайынғы айтулы әрі ең әсерлі мерекесі бірі ретінде жоғары деңгейде өтіп келеді. Биыл ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл кештің мақсаты – оқу озаттарын, өнер мен спортта, қоғамдық жұмыс пен тәрбие бағытында ерекшеленген оқушыларды және білім беру ісіне сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздарды марапаттау мен ынталандыру. Іс-шараны салтанатты түрде ашқан жүргізуші пән мұғалімдері Д. Ихсан мен Н. Қабен Абай сыйының мәні мен маңызын ерекше атап өтті. Мерекелік салтанатты шеру оқушылар жетістігін таныстырудан басталып, оқуда үздік шыққан 40-тан аса оқушы әртүрлі ондықтар бойынша сахна төрінде таныстырылды. Сонымен қатар «Тәрбие», «Мектеп парламенті», «Дебат», «Жас сарбаз», «Жас өркен» вокал тобы, «Домбыра», мектеп ансамблі мен волейбол командасының белсенділері марапатталды. Биылғы жылы да оқушылар Абай оқулары мен «Бала Абай» байқауында, ғылыми жобалар мен олимпиадаларда зор жетістікке жетіп, мектеп мерейін асырды. Олардың қатарында республикалық деңгейдегі жеңімпаздар мен үміткерлер де бар. Атаулы кеште барлығы 100-ден астам оқушы түрлі аталымдар бойынша марапатқа ие болды. Үздіктерді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD Аслан Әлімбаев марапаттады. Кештің тағы бір ерекшелігі – демеушілер мен қолдаушыларға көрсетілген құрмет. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген және оның отбасы, «Димаш Али» студиясы, жеке кәсіпкер Азамат Серікұлы, білім сарапшысы, тарихшы-этнограф, PhD докторант Қалжан Қайратұлы, «Физмат академиясының» жетекшісі Қайырбек Шағуанұлы, мектеп басшысы Айгүл Оңдағанқызы және меценат Нұрбол Қасқырбайұлы Бәшіров сынды азаматтарға алғыс білдірді. Мерекелік іс-шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – әнші Ерлан Малаев, композитор, әнші Гүлмира Айымғазықызы Сарина, әнші Мөлдір Смайыл және талантты оқушылар – Тәңірберген Мұқашев, Шұғыла Ермек, т.б. ән шашуларымен көрермендерді тәнті етті. «Абай аманаты» номинациясымен бір сыныптан шыққан білімді, өнерлі және спортшы дарынды оқушылар айрықша марапатталды.