Ахаңды ардақтау кеші

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда Қазақстан тілдері мерекесі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған «Ұлт мектебінің тұңғыш жүрегі» атты концерттік бағдарламамен ашылды.
Жины басталмастан бұрын «Қыр баласы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мектеп мұғалімдері мен оқушылары Қаламгерлер аллеясындағы Алаш көсемдері монументіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.
Қазақ зиялыларының арасында алғаш рет 50 жас мерейтойы тойланған бірден-бір тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Осыдан тура 100 жыл бұрын Ахаңның мерейтойы Орынбор, Қызылорда, Ташкент қалаларында өткен болатын. Онда ағартушы қызметіне жоғары баға беріп, «Ұлт ұстазы» деп атады. Сонымен қатар Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжанның куәлік етуінше, сол кездегі қазақ жастары Ахмет атамыздың кеудесіне алтын жетон қадап, «Ұлт мектебінің тұңғыш жүрегі» деп бағалады.
Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті және эстетика бірлестіктерінің күшімен ұйымдастырған концерттік бағдарламада үлгілі шәкірттеріміз Ұлпан, Нишонгүл, Айерке, Ілияс, Дінмұхамед, Айғаным, Аружан, басқалар ағартушы ақын өлеңдерін оқып, ұстаздың жақсы көріп, сүйіп тыңдаған «Екі жирен», «Шилі өзен» әндері Назар, Бағдәулет сияқты шәкірттердің және Кәмшат Тұрабекова, Мөлдір Смайыл сынды мұғалімдердің орындауында шырқалды.
Мектеп мұғалімі, алаштанушы Данияр Ихсан Мәскеу сапары туралы қызықты деректер айтып, жас шәкірттерді алаштану ғылымын зерттеуге шақырды. Мектеп оқушылары Абай, Ахмет, Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдерін мәнерлеп оқып, атақты «Қазақ»газетін жалғастырып шығарған белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекенің өмірінде болған оқиғаны арқау ететін «Ахмет атама хат» атты театрландырылған қойылым көптің көңілінен шықты.
Қорытынды сөз сөйлеген мектеп директоры Айгүл Оңдағанқызы оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтап, іс-шаралардың маңызы, оқушылар үшін пайдасы, алаштану бағытындағы ізденістердің көбейіп, іргелі зерттеулер шығып жайында айтты.
Қазақстан тілдері мерекесі құтты болсын. Ұлт ұстазының туған күні ұлықтала берсін!