Анкарада

«Абай» мұғалімдері Анкарада
2022 жылғы 8 желтоқсанда Абай Құнанбайұлы атындағы №87 меткеп-гимназияның пән мұғалімдері, алаштанушылар Заңғар Кәрімхан мен Данияр Ихсан Түркия елінің астанасы Анкарада өткен «Репрессия және Ахмет Байтұрсынұлы» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Бұл күні (1937 жылғы 8 желтоқсан) Ахмет Байтұрсынұлы советтік қудалауға ұшырап, ақырында сталиндік репрессияда ату жазасына кесілген болатын. Арысты еске алған тағылымды жиын өтті.
Түркияның Қажы Байрам Уәли университеті ұйымдастырған ғылыми жиынға Қазақстан елшілігі, Түрксой халықаралық ұйымы және «Қыр баласы» қоғамдық қоры қолдау білдірді. Анадолыдағы алаштанушы ғалымдар, жазушылар, ұстаздар мен студенттер қатысқан конференция жоғары деңгейде өтті.
Конференция барысында ғалымдар Н. Бирай, Г. Құрманғали, Е. Тоқтарбай және біздің әріптесіміз З. Кәрімханның қатысуымен «Ұлт мектебінің тұңғыш жүрегі – Ахмет Байтұрсынұлы» атты ұжымдық жинақ таныстырылды. Сонымен қатар суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабайдың «Ахмет әлемі» көрмесі ашылды.
Қоғамдық негізде үлкен жұмыстар атқарып жүрген «Қыр баласы» қоры Түркияның профессор ғалымдарын «Алаш зиялысы» медалімен құттықтап, алғыс білдірді.
Осы конференцияға қатысушылар сапарға қолдау білдірген мектеп басшылығына ризашылық сезімін білдіріп, алғыс айтады.
Құтты болсын, құрметті әріптестер!