"Айтыс - сөз барымтасы"
Мұхтар атамыз: "Айтыс - сөз барымтасы" - дейді. Қазақтың төл өнері қазақпен бірге жасайды. Айтыс өнеріне мектеп мұғалімдері де өз хәл дәрменінше аянбай үлестерін қосуда. Мектебімізде бүгін мектеп мұғалімдері арасында "Бес құндылық бойымда, Абай сөзі ойымда" атты мектепшілік ақындар айтысы өтті. Талап, еңбек, терең ойды домбыраның қоңыр үнімен көкейден шыққан шымыр ұйқастарына қосты. Әр бірлестіктен құралған 8 ақын сөз додасында бақ сынасты. Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, абайтанушы Алмахан Мұхаметқализы және алаштанушы Заңғар Кәрімхан төрелік еткен айтыс көрерменнің көңілінен шықты. Мектепшілік айтыс демесеңіз қалалық айтысқа бергісіз өтті. Айтыстың бас жүлдесіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрболат Нұрланұлы ие болды. Импровизаторлық деңгейі жоғары Самалбек Мекеш ағамыз жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Кіші қызметкерлер де айтысқа үн қосып, үкілеген үмітті ақтаған Шолпан Садықова 2-орынды иеленді. 3-орынды орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Текебасова Рауза апайымыз алды. Шоу айтыстың көрігін қыздырған Қасқатаев Ғибрат, Зеренханова Ақмарал, Ғабдрахман Төлеген, Ноғайбек Бақберген ұстаздарымыз көрермен көзайымына айналды. Мектеп ұжымына шын жүректен алғысымызды білдіреміз.