Абай музейі
“Абай оқулары” эстафетасы
2024 ж, қаңтар "Мектеп музейінің мәні"
Астанадағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназияның ашылғанына көп болмаса да ел аузында айтылып жүрер ордаға айналды. Осы мектептің ашылуына себеп болған өзім алғаш ашқан «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жабылуы еді. Ол бөлек әңгіме. Тамыз айының ортасында шешім қабылданып он бес күннің ішінде ашылған мектептің топырағын сыпырып, шаңын сүрте жүріп аталған орталықтың заттарын осында қондырғанбыз. Кәзір мұнда үш бөлімнен тұратын музей бар. Мектеп балалары тақырып бойынша өздері келіп, таныстырып, тақырыптық сабақтар жүргізеді. Осы музейдің жанынан ашылған «Абай нұры» клубының үйірмесіне қатысқан балалардың алғашқылары үздік шығып, жоғары нәтиже көрсете бастады. Музей күндерінің қызықтары көп. Бір күні мектеп дәлізіндегі ұстаздар қауымының оқушы мәселесін шеше алмай пікірлесіп тұрғанын көрдім. Бардым, бесінші сыныпта оқитын Нұрлыхан Есмахан деген баланың тәртібі туралы айтып жатыр екен. Тентек, сабақ үстінде тыныш отырмайды, сабаққа дұрыс қатыспайды, үлгерімі нашар деген уәж. Ұстаздардың назарына іліккен әлгі баланы тауып алып музейге ертіп келдім. Топ-томпақ, сүйкімді бала. Көзі жанып тұр. Жөн сұрасып танысып алғаннан кейін:- Сен жатқа қандай өлең білесің? – деп сұрадым. Иығын көтерді. Абайдың бір шумақ өлеңін өзім қайталап тұрып айтқыздым. Дауысы таза, мәнерлі, ашық екен. - Сен ертең дұрыстап киініп келші, Дауысың экскурсия жүргізгенге өте жақсы екен. Мен саған көмектесейін, - дедім. - Экскурсия деген немене? – деді. - Музейді таныстыру, міне, былай, - деп таяқшаны алып таныстыра бастадым. Басында аса тыңдағысы келмей елеңдей берді.
- Тыңда ертең әдемі киімдеріңді киіп кел. Төменгі сыныптарға экскурсия жүргізесің, менің көмекшім боласың. Көресің сенен мықты лидер шығады, - деп қолына экскурсияның текстін беріп, арқасынан қағып қоя бердім. Маған аса сене қоймаса да уәде беріп үйіне қайтты. Мен де оның келе қоятынына күмәнді болып қала бердім. Уәде берген Нұрлыханға басқалар да күмәнмен қарап «келмейтін бала ол» деді. Нұрлыхан сенімімді ақтап айтқан уақытында ақ көйлек, қара шалбармен сықиып келіп тұр. Қатты қуандым. Құшақтап қарсы алып, екеуміз экскурсияны бастап кеттік.
Бір-ер рет қайталап алған соң, төменгі сыныптардың оқушыларын жинап әкеліп Нұрлыханның экскурсиясын тыңдаттым. Саңқылдаған таза дауысымен балаларды бірден баурап алды. Оқушылардың алдына шығып сөйлеп, білгенін айтыпөзін лидер санаған Нұрлыхан содан кейін бүкіл мектеп оқушыларына музейді таныстыратын болды. Мектепке келген қонақтар, әртүрлі іс-шараларда Нұрлыханды арнайы шақырып музейді таныстыру жұмысын беріп қоямыз. Кәзір Нұрлыхан мектепке келсе, алдымен музейге келіп амандасып: - Апай бүгін қонақтар келе ма? Музейді таныстыру керек па? – деп кіріп шығады. Тәртібі түзелген, оқушылар алдында үлгілі, сөйлеу мәнері мол, тілі таза, тыңдарманды өзіне тарта алатын ерекшелігімен жаңа қырынан ашылып, келген оқушыларға сұрақ-жауап сағаттарын өткізеді. Әп-әдемі жүріс-тұрысымен де шынымен менің көмекшіме айналды. Бір түсінгенім – әр бала пласталин сияқты, қалай жасасаң, не жасасаң сол шығады. Жалпы таланттар мен өнерпаздар «тентектерден» шығады. Ішкі энергиясы тасып, терісіне сыймай тасып тұрады. Кез – келген бала өздерін лидер ретінде көргісі, өз ортасында үлгі-өнегелі болғысы келеді. Ал, мектептерде музейлердің болуы оқушыларды сөйлеу мәдениетіне, тілдік қорының дамуына үйретеді. «Тентек бала» деп жүрген Нұрлыхан өзімен бірге қанша баланы музейге әкеліп өзі сияқты экскурсия жүргізуге үйретіп жүр. Осындай балаларды көрген сайын «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның тәртібі нашар деп жиналысқа салғанда айтатын мектеп директорының «Біз Сұлтанның жұлдызын жандыра алмадық» деген сөзі бар емес пе? «Бұзық бала», «тентек бала» деп қанша Сұлтандар мен Қожалардың жұлдыздарын жандыра алмадық екен деп мен ойланамын. Біздің мектеп директоры Айгул Ондағанқызының ықпалымен ашылған музейдің бала тәрбиелеудегі мәні осындай. Үнемі ашық тұратын музейге кез келген оқушы келіп тарихымен танысып, сұрақтарына жауап ала алады. Нұрлыхан сияқты әлі талай баланың шырағын жағатын мектеп музейлері көбейгені ұлттық құндылыққа тәрбиелеудің басты көзі болатынына күмән жоқ.
Алмахан Мұхаметқалиқызы