«Біртұтас Алаш идеясы»

Бүгін біздің Абай мектебімізге құрметті қонақ, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай мырза «Біртұтас Алаш идеясы» тақырыбында академиялық сағат өткізді.
Бұл іс-шара 12 желтоқсан – Алаш автономиясының жариялануына және Алаш орда үкіметінің құрылу күніне арналып отыр. Қазіргі Қазақстан тәуелсіздігінің негізі осы датамен тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығармайды.
Арнайы дәріс барысында алаштану ғалым әңгімесін тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында Атазаңымызда көрініс тапқан біртұтас Алаш идеясының кейінгі жылдары сызылып, алынып тасталғанынан бастады. Сөйтіп тәуелсіздіктің негізгі тірегі жер мәселесін қозғай отырып, оның ұлттық байлық, экономикалық тәуелсіздік, тәуелсіз ғылым және діл мәселелерін бүгінгі өмір шындығымен астастыра отырып керемет баяндап берді.
«Абайсыз да, Алашсыз да қазақ ұлтының рухы жетім қалады. Абай мен Алаш рухының әрбір тамшысын жүрегіне тұндырған жас жүректің жапырағы мәңгі жасыл болады. Өркені өседі. Сол қасиетке ие әрбір жеткіншекке иіліп тағзым етемін. Өркендерің өссін, Болашақтың Бәйтеректері!» деді сөзін қорытындылаған профессор Т. Жұртбай.
Тағылымды жиын соңы оқушылар сұрақтарына жауап беріп, суретке түсумен аяқталды.




