«Толық адам» республикалық семинар

Астана қаласы әкімдігінің Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы ШЖҚ МКК, Білім басқармасы мен «Әдістемелік орталығы» МКҚК, «Дарын» республикалық орталығының қолдауымен желілік Абай мектептері мұғалімдерінің арасында «Толық адам» ілімінің жаңа дәуірде жаңғыруы» атты республикалық семинар өткізілді.
Семинар өз алдына Абайдың «толық адам» ілімінің негізі арқылы ағартушылық қызметтің мәнін ашып көрсету, мектептің жүрегі екенін сезінетін тұлға қалыптастыру мақсатында өтті. TedX еркін пікір алысу алаңы мұғалім, «Абай тағылымы» қойылымымен ашылып, суретші Н. Қабеннің «tebrenis» сурет көрмесімен ұласты.
Семинар барысында Абай құндылықтарына негізделген мектеп моделі таныстырылып, Л. Касымова («Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»), З. Кәрімхан (Абай – ағартушы емес...»), Қ. Салыбай («Абайдың он жетінші теоремасы»), Д. Ихсан («Абайға ұқсағым келеді») сынды мектептің үздік әрі таңдаулы мұғалімдері өз тәжірибелерін бөлісті. Абайдың «Толық адам» ілімінің пәнаралық байланысы (математика, биология) қатысушылардың қызығушылықтарын арттырды. Өзара кері байланыс жасап, бір-бірімен идея алмасты.
Оқушыларға арналған «Сонда толық боласың» атты оқу-танымдық алаң өткізілді. Алаңда тарих пәнінің мұғалімі Қалжан Рахимжанов «Трендтегі тарих» және физика пәнінің мұғалімі Қайырбек Үсенғалиев «Нейроматематика – ҰБТ» атты дәріс оқыды. Оқушыларға «AQtap» зияткерлік ойын және дебат ойынынан түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Әр аймақтан келген әріптестерге Қазмедиа орталығына және Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына мәдени саяхат ұйымдастырылды.